АЩЫЛЫСАЙ АУЫЛЫ АЖАРЛАНЫП КЕЛЕДІ

Жылдағы үрдісіміз бойынша аудан көлеміндегі ауыл-аймақтың өткенін саралап, болашақтағы жоспарымен бөлісудеміз. Биылғы келген жылғы әңгіме барысын төрт шағын ауылдың ұйытқысы болып отырған Ащылысай ауылдық округінен бастағанды жөн көрдік.
Бұл ауылдың әкімі ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан осы өңірдің төл перезенті Асылбек Биманбаев. Ауыл әкімі жыл сайын ауылының әлеуметі мен мәдениетін жетілдіруге еңбектеніп келеді. Өткен жылы да біраз жұмыстар атқарылып, жыл қорытындысы бойынша шаруашылықтағы жетістіктерімен қатар ауылдың әлеуметтік дамуы да айтарлықтай байқалады.
Ауылдық округтің жер көлемі 17133 гектарды құраса, оның 7002 га егістік, 10131 га шабындық көлемі. Осы көрсетілген жер көлемін ауылдық округтегі 21 шаруа қожалықтары, 4 ЖШС-гі, 2 фермерлік шаруашылықтары тиімді пайдаланып, игілігін көруде.
Өткен 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан 10 ауыл еңбеккерлерінің жобасы қабылданып, олар жеңілдікпен несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде. Олардың дені ауыл шаруашылығымен айналысуда. Ауылдық округ орталығы болып есептелетін Ащылысай ауылында 965, Ақкөл ауылында 121, Бозтөбе ауылында 117 адам мекен етеді десек, округ бойынша 1466 тұрғын шаруаларын жүргізіп, әрбіреуі әр салада еңбек етіп, өсіп-өнуде. Өткен 2024 жылы округте атқарылған жұмыстар аз емес. Еліміздегі «Таза Қазақстан» республикалық акциясына ауыл-аймақ жұмыла қатысып, 600 тонна қоқыс қалдықтарынан тазартылып, әр ауылдағы кәрі теректер күзеліп, орынына жасыл желеткер отырғызылып, көшелердегі ағаштар әктеліп, арықтар тазаланып, ауылдары жайнай түскен. Өткен жылдың еншісінде жүзеге асқан әлеуметтік жұмыстар да жетерлік. Қайда да баспана басты мәселе десек, бір-екі үйлік коммуналдық тұрғын-үй салынып, кезектегі отбасыларға табысталған.
Сонымен қатар, Ащылысай ауылындағы Бауыржан Момышұлы, Панфилов, Қазақстан, Каструбин көшелері толық жөндеуден өтіп, жаңа асфальт төселді. Жалпы алғанда 5 шақырымнан аса жол жаңарып, ауыл ішінде жүріп-тұруға толық жағдай жасалуда. Сондай-ақ, ауылдан Ақтөбе-Орск бағытына жүрер күре жолға дейін 1 шақырым, 270 метріне асфальт жол төселіп, қоғамдық көліктің кіріп шығуына толық жағдай жасалып, автобус аялдамасы да қондырылған. Ауылдық саябаққа қазақтың қасиетті домбырасының бейнесі орнатылған. Оған қоса ауылдың орталығындағы Каструбин көшесінде Ащылысай сттеласы жаңа талапқа сай жасақталып, ауылға сән беріп тұрғандай.
Бір сөзбен айтқанда, Ресей мен Қазақстанды жалғап жатқан күре жолдың бойындағы аталмыш ауылдық округ әкімі Асылбек Биманбаев «Үлкен үйге керектің бәрі, кіші үйге де қажет» деп, тілге тиек ете кетті..
Расында, округке қарасты төрт елді мекеннің жағдайын, тұрғындарының әл аухатын арттыруға ізденген тынымсыз еңбегінің арқасында ащылысайлықтар жетістігі мол ауыл деуге болады.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»